САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Құрметті Сарыағаш ауданының тұрғындары!

31 мамыр – Елбасымыздың Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» болып белгіленген.
Миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған қаралы кезеңді ел ұмытпақ емес. Зұлматты кезеңге куә болған адамдар, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтардың ұрпақтары да бүгінгі Тәуелсіздігімізге тәубешілік етіп отыр.
Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды.
Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды.
Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты.
Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті.
Мемлекет басшысы үндеуінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді. Ол өзіміздің тарихта болған оқиғалардың барлығын орын орынымен қоюға ықпал ететіні сөзсіз.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, туған жерге деген патриоттық сезімін ояту біздің басты міндетіміз.
Мәңгілік Еліміз барда, аз ғұмырында азаттықты армандаған арыстарымыздың рухы – өшпесі анық. Нәубет құрбандарының рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ұрпақтарына ұзақ та ғибратты ғұмыр тілейміз! Тарихтан тәлім алып, жаңа заманға нық қадам басқан тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын, бірлігі бекем болсын!

Сарыағаш ауданының әкімі
М.Отаршиев