САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Құрметті Сарыағаштықтар!

Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Осы күндері Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.
Тағылымы мол бұл мереке – жаңару мен жаңғырудың, адам мен табиғат арасындағы үндестіктің, келісім мен татулықтың алтын арқауы.
Халқымыз қашанда жыл басын ізгі ниетпен, үкілі үмітпен, ақ жарма тілекпен қарсы алады.
Ұлыстың ұлы күнінде ұрпақтар сабақтастығы, достық қарым-қатынастар мен қонақжайлық салты дәріптеледі. Сондай-ақ, тереңнен тамыр тартатын құндылықтарымыз, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі ерекше салтанат құрады.
Наурыз – ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке-бірлік пен ортақ мүддеге жұмылдырады. Біз әрдайым қиын сәтте бір-бірімізге қол ұшын созып, қолдау көрсетуге дайынбыз.
Өкінішке қарай, биыл Наурыз мейрамы әдеттен тыс жағдайға тұспа-тұс келіп отыр. Пандемияға айналған коронавирустың кеңінен таралуы жаһандық экономикамен қатар біздің елімізге де айтарлықтай зардабын тигізуде. Бүкіл әлем күрделі сынақты бастан өткеруде.
Осыған орай, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылғы 16 наурыздан бастап Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілді. Мемлекеттік комиссия құрылып, азаматтарымыздың денсаулығын қорғау және еліміздегі экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қолға алынды.
Біз ырыс-ынтымағымыздың арқасында бұл қиын-қыстау кезеңнен де сүрінбей өтеміз деп сенемін.
Уақытша сынақта отбасымыздың, ауыл-аймағымыздың, Отанымыздың амандығы үшін барынша сақтық шараларын сақтайық!
Құрметті жерлестер!
Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, отбасылық береке, жақсылық пен бақыт тілеймін! Көктем өзінің шуағымен қуантып, Әз-Наурыз əрқайсыңызға молшылық пен бақыт сыйласын. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!

Ізгі ниетпен,
Аудан әкімі М.Отаршиев