ҚҰРМЕТТІ САРЫАҒАШТЫҚТАР! АРДАҚТЫ АҒАЙЫН!

Күллі мұсылман қауымы үшін ең ұлық Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Біздің елімізде Құрбан айт Елбасы Жарлығымен ресми мейрамдардың қатарына енгізілген. Бұл – дәстүрлі дінімізге, Исламға көрсетілген үлкен құрмет. Бұл қасиетті мереке мұсылмандар арасында мейірімділікті, игілікті, бірлікті, ізеттілікті, қайырымдылықты, достық пен шаттықты арттырумен ерекшеленеді.
Құрбан айт мерекесі – қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен мейрамдардың бірі. Себебі, дана халқымыз ықылым замандардан бері отбасы мен ағайын-туысты, жақындарды құрметтеп, бауырмашылдықты ту еткен. Бұл мерекенің басты мәні – сыйластықты арттыру, жақсылық жасау, сыйлық сыйлау, мұқтаждарға көмектесу.
Әлемдегі дамыған елдер қатарына енуді мақсат тұтқан мемлекетіміздің негізгі ұстанған бағыты — бейбітшілік, келісім және тұрақтылық. Қазақстан экономикасы тұрақты мемлекетке айналып, халқымыздың әл-ауқаты көтеріліп келеді.
Құрметті Сарыағаш ауданының тұрғындары! Елді бірлікке шақыратын Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін. Қазақстан азаматтарының бірлігі мен берекесі артып, дербестігіміз тұғырлы, егемен еліміздің болашағы баянды болғай!

Ізгі ниетпен Сарыағаш ауданының әкімі Қ.Абдуалиев