САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Құрметті балалар, бүлдіршіндер! Қадірлі ата-аналар!

Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ! Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес»-дегені есімізде. Балалы үйді базарға теңеген бабалардың сөзі де санамызда.
Маусым айының алғашқы күнін балалар мерекемен қарсы алады. Олардың тыныштығы мен болашағын бүкіл әлем болып қорғалатын күн ретінде мерекелейді. Мамыражай тіршіліктің саясында бүр жарып, гүлдеп, өсіп келе жатқан жас қазақстандықтардың кемел келешегіне Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев үлкен себебін жасауда. Олардың білім алуы мен мүмкіндігін таныту жолындағы кедергілер алынған. Жасалуға тиісті жағдайлар да жүзеге асып жатыр деп сеніммен айтамыз.

Құрметті балауса балғындар!

Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қуаныш пен шаттықтың ортасында ойнап-күліп, есен де сау ел мақтаныштары болуларыңызға тілектеспін! Ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар! Үлкен азамат болып өсе беріңіздер!

Сарыағаш ауданының әкімі
М.Отаршиев