САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

«Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла, соңғы қоңырау!»

Бүгін Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарында 25 мамыр – соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасы өткізілуде. Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуалиев №68 «Т.Оспанов» және №35 Б.Гафуров атындағы  жалпы орта мектептерінде соңғы қоңырау мерекелік іс-шарасына қатысты. Мерекелік іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Аманкелдіұлы: «Сіздерді соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан 11 жыл бұрын тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балалар бүгін таудай болып үлкен өмірге қадам басып отыр. Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Барша жас түлектерді алда үлкен сын күтіп тұр. Барлықтарыңа Ұлттық Бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, Қазақстанымыздың білікті маманы атануларыңа тілектеспін. Ал, мектептегі алғашқы жылдарын сәтті аяқтап, бірінші сыныптан екіншіге аяқ басқан жас бүлдіршіндер мен барлық мектеп оқушыларына жазғы демалыстарын жақсы өткізіп, күш жинап, жайдары көңіл күймен жаңа оқу жылына оралуларыңызға тілектеспін. Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. Бітіруші түлектер білімді, дарынды да жалынды жастар сіздерге ақ жол, сәтті-сапар, мерейлі мақсат тілеймін. Сонымен қатар осындай шәкірттерді тәрбиелеп отырған ұстаздарға толағай табыс және еңбектерінің жемісті болуына тілектеспін» – деп ұстаздар мен оқушыларды соңғы қоңырау мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Іс-шара барысында аудан әкімі білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ұстаздар, озат оқушылар және облыс көлемінде жүлделі орын алған біршама оқушыларды дипломмен және алғыс хаттармен марапаттады. Мектеп оқушылары өздері арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тарту етіп, іс-шара соңында мектеп бітіруші тілектер қоштасу вальсін билеп, соңғы қоңырау соғылды.

(с) Аудан әкімінің баспасөз қызметі