САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Қазақстан әлемнің үздік зейнетақы жүйесі бар жиырма елінің қатарына енді

Сақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі немістің ең ірі сақтандыру компаниясы Allianz  зейнетақы жүйесінің сапасы мен ұлттық зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығы туралы есеп дайындады. Allianz Global Pension Report есебінде зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығының алғышарттары, демография және 70 елдің өзара сәйкес келетін зейнетақы төлемдері қолданылды (2020 жылғы наурыздағы мәліметтер).

Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан үздік жиырмалыққа еніп, 3,48 көрсеткішпен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері арасында көшбасшы атанды. Бұрынғы КСРО елдерінен Қазақстанның алдында 13-ші орынға ие болған Латвия ғана тұр. Эстония мен Литва сәйкесінше 25 және 27 орындарда орналасқан. Ресей рейтингте 33-ші, ал Украина 56-шы орынға жайғасты.

Швецияның зейнетақы жүйесі ең үздік атанып, 2,91 балл жинады, одан кейін Бельгия – 2,92, Дания – 2,96, Жаңа Зеландия – 3,00, ал АҚШ-тың зейнетақы жүйесі 3,04 ұпаймен үздік бестікті құрады. Сондай-ақ, ондыққа Австралия, Нидерланды, Норвегия, Болгария және Канада енді. 70 елден құралған тізімді Шри-Ланка, БАӘ және Ливан елдері түйіндеді.

Allianz компаниясы өзінің Allianz (API) зейнетақы индексін қолданды, ол жан-жақты талдауға негізделген. Индекс үш шағын топтан тұрады және 1–ден 7 балға дейінгі шкала бойынша бағаланатын 30 түрлі өлшемді қамтиды, мұндағы 1- ең жақсы баға. Шағын топтар бойынша барлық сараланған аралық қорытындыларды жинақтай отырып, API талдауға енген 70 елдің әрқайсысын 1-ден 7 баллға дейін бағалап, тиісті зейнетақы жүйесі туралы жан-жақты түсінік алуға мүмкіндік береді. 

Бірінші шағын топ демографиялық үрдістер мен қаржылық мүмкіндіктер мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, зейнетақыға жұмсалатын мемлекеттік шығындар, халықтың қартаюы және т. б..

Екіншісі зейнетақы жүйесінің жалпы тұрақтылығына қатысты. Екінші шағын топтың ерекшелігі – осы көрсеткіштер бойынша көшбасшылыққа жақында зейнетақы жасын ұлғайтқан және бюджетке түсетін жүктемені азайтқан Индонезия мен Болгария елдері шықты. Бірақ екінші топтың төменгі сатыларында Сауд Арабиясы, Шри-Ланка және Малайзия елдері жайғасқан, бұл елдердегі зейнетке шығу жасы әлі де 60 және одан төмен, басқа демографиялық факторлар жоқ.

Үшінші шағын топ зейнетақы жүйесінің адам қартайғанда лайықты өмір сүру деңгейін қаншалықты қамтамасыз ете алатындығын бағалайды. Мұнда Австрия, Италия, Жаңа Зеландия және Нидерланды сияқты жоғары зейнетақы төлемдері бар елдер көш бастап тұр. Бұл шағын топтың төменгі бөлігінде Нигерия мен Лаос сияқты дамушы елдер орналасқан.

Allianz компаниясының бас экономисі Людовик Субран атап өткендей, қазір зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне басқа заманауи сын-қатерлерге қарағанда азырақ көңіл бөлінеді.

– Covid-19 коронавирустық инфекциясы басталғанға дейін біз аса үлкен мәселе – климаттың өзгеруіне тап болдық. Біз қазір осы және басқа да күрделі мәселелердің шешімін табуымыз керек. Бірақ тағы бір назар аударуды талап ететін мәселе туындап отыр, оны да талқылап, оң шешімін табу керек. Сонымен демографиялық өзгерістер ескеріліп, бүгінгі зейнеткерлерге бағытталған саясат  тікелей және ауыспалы мағынада есептесуге тура келетін жас ұрпақтың мүдделеріне сәйкес келмейді. Біз бүкіл әлем бойынша жасаған зейнетақы жүйесінің талдаулары мен рейтингтері зейнетақы саясатының дұрыс құрылымы, мемлекет пен зейнетақы қорларының (мемлекеттік және жеке) рөлі туралы қоғамдық пікірталастарды жандандыруға көмектеседі деп үміттенеміз. Қазірде бүкіл қоғам жаппай Covid-19 тақырыбына алаңдап отырғанымен, зейнетақы саясаты – аса маңызды мәселе. Індетпен күрес жүргіземіз деп оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Бүкіл әлем бойынша зейнетақы жүйесінің үлкен дағдарысы жақындап келеді және бұл мәселені бүгін шешу қажет, – дейді Людовик Субран.

Өкінішке орай, жақын арада әлемнің барлық елдері зейнетақымен қамсыздандыру тауқыметіне тап болады, өйткені, 30 жылдан кейін 2050 жылы әлемдегі зейнеткерлік жастағы адамдардың саны 1,5 миллиардтан асады. Демографиялық жағдайдағы күрт өзгеріс зейнеткерлердің демографиялық жүктемесінің жаһандық коэффициентінің жоғарылауымен дәл сипатталады: 2050 жылға дейін ол 1950 жылдан бастап соңғы 70 жылға қарағанда 25-77%-ға тезірек өседі. Көптеген дамушы елдерде осы көрсеткіш алдағы үш онжылдықта екі еседен астам артады, бұл Еуропа мен Солтүстік Америкада осындай дамуға қол жеткізген уақыттың жартысынан аз бөлігі. Ең жарқын мысал – Қытай, онда демографиялық жүктеменің бұл көрсеткіші 17%-дан 44%-ға дейін артады. Алайда  дамыған елдер үшін алаңдаушылықтың негізгі себебі – бұл көрсеткіштің абсолютті деңгейі, мысалы, батыс Еуропада ол 51% жетеді.

Биыл зейнетақы жүйелеріне тағы бір қиындық туындады, ол – әлемнің барлық дерлік елдерінің экономикасына қатты соққы боп тиген коронавирус індеті (Covid-19). Қор нарықтарындағы баға белгілеудің, қуат тасығыштарға баға мен пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі зейнетақы активтерінің, сондай-ақ азаматтардың жеке жинақтарының азаюына әсер етті. Бірақ Covid-19 факторы уақытша болуы керек, өйткені, зейнетақы активтері ұзақ мерзімді инвестициялар болып табылғандықтан ол кейіннен бұрынғы жетістіктерді қайтарып қана қоймай, кірістілікті арттыруы керек. Бірақ бар мәселе коронавирус індетінен кейін экономиканың қайта қалпына келуіне байланысты.

            Қазірдің өзінде Allianz сарапшылары ел үкіметтеріне зейнетақы жүйесін біртіндеп реформалауды бастауды ұсынып отыр. Осы шаралардың бірі – зейнеткерлік жасты өмір сүру ұзақтығына сәйкес түзету, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін азаматтарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі. Бұл ретте зейнеткердің өмір сүру сапасы зардап шекпеуі керек және ол зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін лайықты төлемдер алуы тиіс.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).