САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

Қазақстанда зейнетақы жарналарының сақталуының қандай кепілдіктері бар?

Қазақстан Республикасының «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында  көрсетілгендей мемлекет жинақталған зейнетақы қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді 2003 жылы қолға алды. Сол уақыттан бастап мемлекет жеке зейнетақы шоттарындағы қаражатты қорғауды өз міндеттемесіне алды. Бұл іс жүзінде жасалған жарналар көлемінде ғана емес, сонымен қатар инфляцияны ескере отырып жүзеге асырылады. Егер зейнеткерлік демалысқа шығу уақытында жинақ инфляцияға қарағанда төмен болса, онда бұл айырмашылық республикалық бюджет есебінен өтеледі. Бұл механизм қаржы дағдарысы салдарынан зейнетақы активтерінің табыстылығы төмендеген кезде 2009 жылдан бері белсенді түрде жұмыс істеп келеді.

Қаржы нарықтарындағы ахуалға байланысты зейнетақы активтерін инвестициялаудың кірістілігі инфляция деңгейінен жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Осыған байланысты іс жүзінде жасалған жарналар мен нақты жинақ көлемі арасында айырмашылық бар. Демек, қызметкер зейнетке шықса, жинақталған зейнетақы жүйесіндегі барлық кезең үшін инфляция деңгейіне байланысты өзінің жинақталған зейнетақы қаражатының табыстылығын есептейді. Инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен асып кетсе, онда салымшыға мемлекеттік кепілдік төленбейді. Мемлекет тарапынан кепілдік табысы инфляция деңгейінен төмен болатын тұлғаларға ғана беріледі.

Мемлекеттік кепілдік зейнетақы төлемдерін алуға құқығыбар салымшыларға төленеді. Бұл құқыққа: зейнеткерлік жасқа толған адамдар, мүгедектігі мерзімсіз уақытқа тағайындалған І және ІІ топтағы мүгедектер, ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен азаматтар, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие болады. Мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар салымшы қайтыс болған жағдайда, қаражат мұрагерлерге аударылады. Бұл үшін өтініш пен жеке куәліктің көшірмесінен басқа мұрагерлерге қайтыс болу және мұраға құқық туралы нотариалды куәландырылған куәліктерді ұсынулары қажет.