САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Сарыағаш ауданына іс сапармен келді. Өңірді аралап, сайлаушылармен жүздескен халық қалаулылары бұл жолы екі топқа бөлініп, халық тығыз орналасқан ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.

Халық қалаулылары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сарыағаш қаласы, Қапланбек оқу тәжірибе шаруашылығы аумағынан 5 қабатты 45 пәтерлі 13 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы барысымен танысты.  

10 гектар аумаққа орналасқан нысандардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Құрылысы 2018 жылы басталған баспаналар биылғы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ол кезде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, асыраушысынан айырылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар, соғыс ардагерлері мен  бюджеттік сала қызметкерлері баспаналы болады. Әрбір 5 қабатты тұрғын үйде 45 пәтерден бар.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Құркелес ауылдық округі, Дастан елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайымен танысты. Жалпы ұзындығы 13,4 шақырымды құрайтын ауыз су құбырының құрылысын «MD Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, белгіленген мерзімде ел игілігіне пайдалануға берді.

Айта кететін жайт бұған дейін Дастан елді мекенінде ауыз су құбыры болмаған. Ауыл тұрғындары ауыз суды көрші елді мекендегі ұңғыма суын пайдаланып отырған. Жаңадан пайдалануға берілген таза ауыз суды қазіргі таңда Дастан елді мекеніндегі 197 тұрғын үйдің 1023 тұрғыны пайдалануда.