САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНА – 80 ЖЫЛ

Сарыағаш ауданының 80 жылдық мерей тойы кең көлемде аталып өтті. Мерейтойға орай бірқатар іс-шаралар легі жоспарланып, бірінші кезекте аудан тұрғындары мен қонақтары «Ана мен бала» аллеясындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетілді.
Ауданның 80 жылдық мерейтойын атап өтуге облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов пен Сарыағашта туып-өскен қоғам қайраткерлері және ауданда абыройлы қызмет атқарған тұлғалар, аудан тұрғындары қатысты. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов аудан тұрғындарына ыстық лебізін жеткізіп, айтулы белесті жетістікпен бағындыруға еңбек сіңірген азаматтарға мерекелік медаль табыстады. Жиын барысында ауданның 80 жылдық тарихына қысқаша шолу ретінде бейнеролик көрермен назарына ұсынылды.
Аудан басшысы сарыағаштықтарды 80 жылдық мерейтоймен құттықтап, ауданның облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін атап өтті. Кезінде одаққа екі шипажайымен әйгілі болса, бүгін олардың саны 36-дан асты. Демалушыларға ем, әлемдік стандарттар деңгейіндегі жағдайлар жасалып, Сарыағашты озық медициналық туризм орталығына айналдыру көзделуде. Экономикамыз негізінен ауылшаруашылығына негізделген болса, бұл бағытта да облыста алдыңғы қатарда тұрамыз. Мәселен, ауданымыздағы жылыжайлардың көлемі республиканың 42 пайызын құрайды. Сондай-ақ біз республика көлемінде танымал Қалдыбек Сәбденов, Әуелбек Ізтаев бастаған академик ағаларымыз, Сайлаукүл Барахова, Оразкүл Асанғазықызы, Серікбай Ораз, Ханбибі Есенқарақызы, Әбілқасым Досболов, Қайрат Үмбетов сынды тұлғаларымызды мақтаныш етіп, оларды өсіп келе жатқан ұрпаққа өнеге ретінде көрсетудің барлық амалдары жасалып жатқанын атап өтіп, ауданның экономикалық әл-аухатының өсуіне еңбегі сіңген азаматтарға мерекелік медальдар мен алғыс хаттарды табыстады.
Мәдениет үйіндегі салтанатты шарадан бастау алған жиын Балғынбек Имашев, Ақмарал Ілеубаева бастаған ақындар айтысына ұласты. Сөз зергерлері жарасымды әзілмен өлең өріп, Сарыағаш халқына ақ тілектерін арнап жатты. Аудан тарихынан сыр шертетін кітаптар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, «Мамыр ата» сауықтыру спорт кешенінде спорт түрлерінен түрлі сайыстар ұйымдастырылды.
Мерекелік той қарсаңында аудан тарихынан сыр шертетін қос кітап жарық көрді. Олардың бірі – аудан тарихын, табиғатын, киелі жерлерін, елге танымал тұлғаларын түгел қамтитын «Сарыағаш» энциклопедиясы болса, екіншісі – жазушы Момбек Әбдәкімұлының «Келес және Сарыағаш аудандарының тарихы» деп аталатын зерттеу еңбектері жарыққа шықты. Бұл аудан халқының көптен күткен сыйы еді.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі