САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

САРЫАҒАШТА 10 МЫҢ ОРЫНДЫҚ ИСЛАМ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Сарыағаш ауданында 10 мың адамға арналған сәулеті ерекше ислам орталығы ашылды. Құлшылық ордасының ашылу салтанатына Түркиядан келген мәртебелі мейман Нежметтин Ердоған Біләл, Шешенстан Республикасы басшысының кеңесшісі Амруддин Эдилгереев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы Әлімов, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтамушов, бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы мен ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, т.б. дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері және жамағат қатысты. Құран аятымен ашылған салтанатты шарада сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз адам өмірінде мешіттің алар орны туралы насихат айтты. –Біз тасымызды түртіп қалсаң, тарих тұнған киелі байтақ жердің иесіміз. Осынау киелі кең далада мешіт салып, рухани құндылықтарымызды насихаттап келеміз. Осының бәрі Алланың қалауымен тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асуда. Сонымен қатар, игі іске ұйытқы болған Смановтар әулетіне ризашылық білдіріп,  Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алатынын жеткізді. Одан соң Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев сөз алып, «Мемлекетіміз дін мен зайырлы қоғамның қатар өмір сүруінің өзіндік үлгісін көрсетіп келеді. Халқымыздың имандылыққа бет бұруы үшін елімізде мешіттер көптеп салынуда. Бүгін соның бір айғағындай тұрғындарымыз үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Осынау имандылық үйі облыс тұрғындарының қасиетті орнына айналуына тілектеспін» – деді.

Ислам орталығында 600 бала дәріс тыңдай алады. 600  жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған. Жаңадан салынған ғимараттың биіктігі 12 метр, күмбездің биіктігі-40 метр, ал қос мұнаралардың биіктігі 63 метрді құрайды.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі