САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ САРЫАҒАШ АУДАНЫНА ІС САПАРМЕН КЕЛДІ.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Ержан, Уәлихан Қайназаров және Мұхтар Ерман Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылындағы «Агротур» шаруа қожалығында болды. Шаруа қожалық жалпы 15 гектар аумаққа орналасқан. Оның ішінде 1 гектар аумаққа қызанақ өндірілетін жылыжай кешені  орналасқан, жылына 250 тонна өнім өндіріледі. 1 гектар аумақта соңғы үлгідегі заманауи технологиямен жабдықталған көшет өндіруге арналған жылыжай кешені жұмыс жасауда. Қуаттылығы жылына 7-8 миллион көшет өндіре алатын бұл жылыжайда сұранысқа қарай орамжапырақ, қызанақ, салат жапырақ, болгар бұрышы және қияр көшеттері өндіріледі. Сондай-ақ қосымша 2 гектар аумақта жаңадан жылыжай құрылысы жүргізілуде. Шаруа қожалығының жұмысын жоғары бағалаған депутаттар Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты. Осында кәсіпкерлермен жүздескен заң шығарушы орган өкілдері жуырда қолданысқа енгізілген заңдар еліміздің дамуына оң серпін беретінін жеткізді.

Сонымен қатар Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда мемлекетаралық кеден бекеттен күніне 25-30 мың азамат  өтуде және орташа есеппен күніне 150-200 жеңіл автокөлік өтеді.

Мұнан соң Сарыағаш қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі 2020 әскери бөлімінің жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

Мәжіліс депутаттары сапар барысында айтылған ұсыныстар мен тілектердің барлығы назарға алынып, жоғарыға айтылатынын тілге тиек етті.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі