САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

МЗЖ бойынша зейнетақы шоттары БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылады

Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы шотын ашу рәсімі жеңілдетілді және салымшының жеке қатысуы талап етілмейді. Қазақстан Республикасының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін жеке тұлғаға ЖЗШ ашу туралы өтініш ресімдеу мақсатында БЖЗҚ-ның қызмет көрсету кеңселеріне келудің қажеті жоқ. 

Естеріңізге сала кетейік, егер жеке тұлғаның БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоты болмаса, онда ол бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру МЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алатын болады.

Осылайша  ағымдағы жылдың қаңтарынан мамыр айына дейін (қоса алғанда) бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде бір миллионнан астам шот ашылды, дәлірек айтсақ, 1 075 220 ЖЗШ. Бұл өткен 2019 жылдың сәйкес кезеңінде ашылған шоттар санынан тоғыз есе көп, ол кезде алғашқы бес айда 121 032 ЖЗШ ашылған болатын.

            Айта кету керек, ЖЗШ автоматты түрде ашылған кезде салымшыны зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабардар ету БЖЗҚ-ның қызмет көрсету кеңселеріне өзіңіз келіп өтініш жасаған кезде ғана жүргізіледі. Бірақ БЖЗҚ кеңселеріне келмей-ақ ыңғайлы әдіс таңдауға да болады. Ол үшін БЖЗҚ сайтындағы (www.enpf.kz) немесе ұялы қосымшасындағы (ENPF) жеке кабинетте өз жинақтарыңызды бақылау үшін Қор сайтына электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен тіркелу жеткілікті. Сондай-ақ, жеке кабинетте саусақтың бір-екі қимылымен Сіз ЖЗШ-дан үзінді көшірмені ғана алып қоймай,  зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін және т.б. көре аласыз.

БЖЗҚ2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).