САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

«КӨКТЕМ-2020» ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗІЛДІ

«Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті. Көктемгі су басу немесе су жайылу қауіпі туындаған кезде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету мәселесі оқу-жаттығудың күн тәртібінде тұрды.

Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды даярлау мақсатында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары С.Тасқұлов қатысып, аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі 14 қызметтің дайындығын қарап шықты.

Ең алдымен С.Тасқұлов көктем кезіндегі төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-әрекеттер, атап айтқанда көшіру іс-шараларын, ішкі істер органдарымен өзара әрекеттесу жоспарларын нақтылады. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысын, жедел кезекшілік пен басқаруының ұйымдастырылуын, хабарлау және байланыс жүйесінің дайындығын тексерді.

Оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару қызметі және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуде шұғыл басқару алгоритмдері жасалды. Халықты шұғыл хабарландыру үшін аудандық орталықтандырылған хабарлау жүйелері, дауыс күшейткіш құралдары, теледидар және басқа да БАҚ арқылы тарату тәртібі қаралды.

Төтенше жағдайлар аймағында және автокөлік коммуникацияларында адам өліміне жол бермеу бойынша құрылымдардың іс-әрекеттері, апат аймағынан адамдарды іздеу, оларды уақытша орналастыру аймақтарына көшіру, зардап шеккендерге бірінші дәрігерлік және медициналық көмек көрсету сияқты мәселелер де оқу-жаттығу барысында пысықталды.

(с) Сарыағаш ауданы  әкімдігінің баспасөз қызметі