Аудан әкімі Қ.Абдуалиевтің 9 мамыр Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен құттықтауы

Егемен елі барда ерлер есімі ешқашан өшпейді!

Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен майдангер ұрпақтары!

Сіздерді Ұлы Жеңістің 74 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Жеңіс – батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді, аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.
Ерлік-елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста біздің жерлестеріміз қайсар ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріппен жазды. Тыл еңбеккерлері де майдан үшін, жеңіс үшін жанқиярлықпен еңбек етіп, жауынгерлерді қару-жарақпен, азық-түлікпен қамтыды. Тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді.
Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері!
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздер жасаған ерлік ешқашан өшпейді. Ол ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Осынау, Ұлы жеңіс күні – Сіздерге зор денсаулық, балаларыңыз бен немерелеріңізге жарқын болашақ, бақ-береке, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілеймін.
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!