САРЫАҒАШ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ

АУДАНДА ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Сарыағаш ауданында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Смаил Тасқұлов төрағалық еткен жиынға, Қоғамдық денсаулық  басқармасының басшысы Егізбаев Мұқан Кеңесбекұлы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бейсенбаев Асхат Асанұлы, Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Оспанова Жанар Мықтыбекқызы,  аудан тұрғындары, қала, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлер, әлеуметтік қызметкер, мұғалімдер және кірістер басқармасы қызметкерлері қатысты.
Сөзге шыққан А.Асанұлы және Ж. Оспанова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер туралы баяндама жасап, жаңа жүйенің пайдасы туралы кеңірек түсіндіріп берді.
Жаңа жүйенің арқасында азамат өз таңдауы бойынша еліміздің аумағындағы кез келген емханада тегін медициналық көмек ала алады. Емханаға қажетті қаржыны толығымен қор өтейді. Кез келген дәріханада ұсынылатын дәрілік заттар қол жетімді болады. Сондай-ақ, азамат сақтандыру жүйесі арқылы аударылған жарналар мен медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтер туралы ай сайынғы ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болады. Сапасыз қызмет көрсетілсе немесе құқықтары бұзылса, қор арқылы өз мүддесін қорғай алады.

Еске сала кетейік 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни келесі жылы кепілдендірілген медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүреді.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі